ЕАЭО елімізге экономикалық серпіліс әкеледі

ЕАЭО елімізге экономикалық серпіліс әкеледі
ашық дереккөз
ЕАЭО елімізге экономикалық серпіліс әкеледі
«Елдестірмек елшіден» дегендей, кеше ғана үш елдің басшысы қол қойған құжатты дайындау барысында жүргізілген келіссөздер аз болмағаны анық. Үш мемлекетті былай қойғанда, үш ведомствоның арасында өзара ортақ келісімге келудің өзі бірталай жұмысты, түсіністік пен сабырды қажет етеді. Ал Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты жасау дегеніміз – үш мемлекеттегі халықтың тағдырын талқылау, үш тарапқа да тиімді болатындай бір ымыраға тоқталу. Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингке қатысқан ҚР Сыртқы істер министрлігінің Айрықша істер жөніндегі елшісі Асан Қожақов Еуразиялық экономикалық одақтың шартын әзірлеу кезіндегі оңай деп айтуға келмейтін келіссөздер туралы баяндады. 

Асан Егінбайұлы алдымен «Қазақстан тарапынан келіссөз жүргізген командаға Елбасы мақтау білдіргенін» айта келе, «елшілер» үшін бұл үлкен сыйлық болғанын жеткізді.

«Тарихи құжаттың қол қойылуына қатысты үш мемлекеттің де Президенті өз пікірін айтып, бағасын берді. Біздің Елбасымыз Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің, үш ел сарапшыларының, осы шартты жасауға атсалысқан адамдардың еңбегін ерекше атап өтті. Шынымды айтсам, Қазақстан тарапынан келіссөз жүргізген команда Президент атынан осындай бағаға ие боламыз деп ойлаған жоқпыз. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен сыйлық болды», - дейді А.Қожақов.

Асан Егінбайұлы – қандай да бір келісімге келу үшін мемлекетаралық талқылауды талап ететін алаңға төбеден топ ете қалған адам емес. Ол кезінде Еуразиялық экономикалық қауымдастық пен Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрар кезде Қазақстанның мүддесін қорғап, тиісті құжат дайындағандардың бірі.

«Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрар кездегі жұмыстар да өте қызық еді. Есімде, 1992 жылы желтоқсанда Алматыдағы «Достық» үйінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылған еді. Кейін, Еуразиялық экономикалық қауымдастық пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды. Ол ұйымдарды құру да күрделі келіссөздерді талап еткен болатын. Ал осы Еуразиялық экономикалық одақ құру барысында жүргізілген келіссөздердің айырмашылығын айтсақ, тарихта алғаш рет үш мемлекет, соның ішінде Қазақстан да мойнына үлкен жауапкершілік алып отыр. Келіссөздердің қиындығы сол – біз шектен шығып кетпей, егемендігімізге сызат түсірмей, мемлекетімізге қауіп төндірмей, өз позициямызды жоғалтпай, басқа мемлекеттермен бір келісімге келіп отырмыз. Эрих Мария Ремарктің «Жизнь взаймы» деген кітабында: «Шамасы, сурет салғанда үнемі бір бос орын қалдырып отыру керек сияқты. Сурет – фантазия жасауға мүмкіндік беру үшін аяқталмай тұрғаны дұрыс» делінген екен. Міне, сол сияқты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қауымдастықта аяқталмай қалған мәселелер Еуразиялық экономикалық одақта жүзеге асатын болады. 20 жыл бұрын да біздің Елбасының «Еуразиялық экономикалық қауымдастық» құру туралы ойын бос қиял дегендер көп болған»,-деп еске алды Асан Егінбайұлы.

Бірақ, Еуразиялық экономикалық одаққа келгенде де ол күмәндар көбеймесе, азайған жоқ. Тиісінше, бұл одақты құру сол жиырма жыл бұрынғы келіссөздерден әлдеқайда күрделі, әлдеқайда қиын болғанын жасыруға болмас. Тіпті, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин де келіссөздердің, әсіресе, институционалдық бағыттағы келіссөздердің қиын болғанын мәлім еткен еді.

«Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келіссөздер баяу басталған болатын. Әр тараптың ұстанымы, әрине, өте мықты болды. Жанжалға жеткізбесек те, қиындықтар кездесті. Тараптар арасында «мен келіссөз жүргізбеймін» деп кетіп қалғандар, «бүгін келіссөз жүргізілмейді, ертең келеміз» деген, болмаса, «дайын емеспіз, кездесуге келмейміз» деген сәттер де болды. Тіпті, тараптар өздерін осы құжаттың «иесі» санайтын сәттер де кездесті. Бірақ, бастамашы тарап біздің мемлекет болғаны белгілі. Дегенмен, біз келесі тараптарды тыңдадық, олардан қатал талаптар айтылса, үзіліс жариялап, шәй ішкен соң тағы отырып, кеңесуге тырыстық. Ең баса айтарым, біз тараптарға қатаң талаптар болмау керектігін ескерттік. Мен «Қазақстан ультиматумдық талаптарды қабылдамайтын мемлекет» деп айтуға да мәжбүр болдым. Қазір еске алсам, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысты келіссөздер жүргізгенде Қытай тарапы құжаттарды жерге лақтыра салған сәті болыпты. Еуразиялық экономикалық одақты құруда ондай жағдай кездескен жоқ, кездеспей-ақ қойсын деймін. Сол Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылтайлық құжатын әзірлеген кезде менің командам мықты еді. Қытай тілін жақсы меңгерген мамандар болды. Сонда, қытай тіліндегі мәтінді орыс тіліне сәйкестендіргенде, бір иероглиф дұрыс емес дегенімізде, қытайлықтар құжатты жерге лақтыра салған болатын. Сондықтан, келіссөздер оңай болмайды. Еуразиялық экономикалық одақтың шартын дайындағанда да құжаттағы әрбір нүкте, әрбір әріпке дейін талас тудырған жағдайлар болды»,-дейді Асан Егінбайұлы.

Міне, осы әңгімеден-ақ ел мен елді келістіретін де, кетістіретін де елшінің жұмысы екенін көруге болады. Келіссөз жүргізетін адамнан бөлек, оның «оқ-сауытын» дайындап беретін мамандардың да еңбегі зор. Тек, көрінбей жатқаны болмаса. Бұндай істе мол тәжірибесі бар Асан Егінбайұлы Еуразиялық экономикалық одақ құру барысында шарттың функционалдық, яғни, экономикалық бөліміне қатысты келіссөз жүргізген қазақстандық жастар ертең-ақ осы одақтың жоғарғы кеңесінде қызмет етеді деген сенімін жасырмады.

«Шартты құжат түрінде қолымызға алған кезде екі мың беттен асатын еді. Оны оқымай жатып, жұмыстың өнбейтінін түсіндім. Сондықтан, әріптестеріме, мүдделі тараптарға оны екі бөлімге бөлейік деген ұсыныс айттым. Мен құжаттың функционалдық, яғни экономикалық жағына жауап бермеймін. Бірақ, айтарым, ол бөлімді дайындаған және осы бағытта келіссөздер жүргізген мамандар – жалындап тұрған жастар. Бұл керемет емес пе!? Олар осы жұмысқа араласа жүріп, қаншама тәжірибе жинақтады. Бұл жастар Жоғарғы Еуразиялық кеңестің ертеңгі дайын тұрған мүшелері десем болады. Келіссөз жүргізген адамдардан бөлек, оларға «снаряд» дайындап беріп отырған заңгерлер, аудармашылар қаншама. Олардың еңбектері де өте зор. Енді келіп, сынға жол беріп отырғандарға айтарым, әрбіреуі келіп келіссөздерді дайындау былай тұрсын, сол келіссөздер үстелінде ойын айтып көрсін»,-дейді А.Қожақов.

Расымен де, Еуразиялық экономикалық одақ болғандықтан да, тараптардың әрқайсысы экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін саяси мәселелерді ұмыт қалдырмай, солай бола тұра, құжатта саяси мәселелерге де «көрінбейтін» орын тауып беруге міндетті еді. Олар егемендігімізге титтей де нұқсан келтіретін кез келген сөзден аулақ болуға тырысқан. Ал Еуразиялық экономикалық одақ бойынша өткен қорытынды отырыстан соң Беларусь Президентінің «Экономикалық одақ болашақта саяси, әскери және гуманитарлық бірлігіміздің негізі болатынына сенеміз» деген мәлімдемесіне қатысты Асан Қожақов былай дейді:

«Достас елдің президенті айтқан мәлімдемеге пікір білдіруім де орынсыз шығар. Бірақ, мәселенің мәні мынада: біз таза экономикалық одақ құрып отырғанымыз анық. Бұл – таза экономика. Бірақ, үш мемлекет мүше болып отырған ТМД бар, Еуразиялық экономикалық қауымдастық бар, тіпті, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымын алып қарасақ, бұл ұйымдардың барлығында саяси, гуманитарлық, қорғаныс саласындағы, мәдени, әскери ынтымақтастық мәселелері қарастырылған. Сондықтан, Президенттер бұл мәселелерді талқылай алады және талқылауы керек те. Еуразиялық экономикалық одақ саяси мәселелерден алыс кетті деген күннің өзінде, жорамалдап алсақ та, біздің одаққа қауіп төнуі мүмкін емес деп айта алмаймыз. Сондықтан, президенттер барлық мәселені қарауға, талқылауға құқылы».

Міне, бұл Еуразиялық экономикалық одақ шартын жасау кезінде жүргізілген келіссөздердің бір тарамы ғана айтылып отырған әңгіме. Ұзақ жылдарға жасырынып жатқан осындай жұмыстардың нәтижесінде елімізге экономикалық серпіліс әкеледі деп отырған келісімге қол жеткіздік. Ал Одақтың институционалдық бағытында енді қандай міндеттер тұрғанын мазмұндап көрелік.

Ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ пен оның барлық органдары толыққанды жұмыс істей бастайтын 2015 жылға дейін қандай міндеттер (Қазақстан тарапынан – агенттік) ескеріліп отырғанына тоқталсақ.

Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт қыркүйек айында Парламент қарауына шығарылуы керек.

«2015 жылдың бірінші қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастайды. Ең алдымен, біз шартты Парламент қарауына шығаруымыз керек. Сол уақытта шартты ратификациялау процесі басталмақ және бір-екі айға созылады. Себебі, құжат өте ауқымды: 1000 бетке жуықтайды. 28 тарау, 118 бап және 33 қосымшадан тұрады. Парламентте құжат жан-жақты талқыланып, мұқият сараланатыны сөзсіз. Бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдар тартылады.

Екіншіден, Президенттердің тапсырмалары бойынша, келісілген тәртіпке сәйкес, осы жылдың шілдесіне дейін Армения Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы келісімді дайындап, оған қол қоюымыз керек және Қырғыз Республикасының Кедендік одаққа қосылуы туралы іс-шаралар жоспарын Мемлекет басшыларының қарауына шығаруымыз керек.

Үшіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты дамыту бағытында біз институционалдық және функционалдық бөлімдер бойынша әлі ондаған құжаттарды қабылдауымыз керек. Ол құжаттар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте Мемлекет басшылары және Үкімет басшылары деңгейінде қабылданатын болады. Жалпы, ол құжаттардың басым бөлігі дайын десе болады. Бірақ, біз ол құжаттарға Еуразиялық экономиалық одақтың шартымен қатар қол қоя алмайтын едік. Себебі, Еуразиялық экономикалық одақ шарты басқа құжаттардың құқықтық негізі еді. Ол алдағы бірнеше жыл ішіндегі интеграциялық өзара іс-қимылдардың дамуын анықтайтын стратегиялық құжат. Бұл әлемде бар тәжірибе, үлкен, көп жақты келісімшарттарды жасайтын кезде осындай тәжірибе қолданылып келеді», - деп түсіндірді Асан Егінбайұлы.

Ал, Армения Республикасының Одаққа қосылуы туралы бұдан бұрын хабарлағанымыздай, шарт жүз пайызға дайын. Тек оған техникалық тұрғыда біраз алып-қосулар жүргізу керек.

«29 мамырдағы отырыс барысында Президенттер Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шешімге қол қойды. Енді 2014 жылдың шілде айына дейін бекітілген тәртіп бойынша шартты әзірлеу жұмыстарын аяқтау қажет. Жалпы алғанда, шарт 99,9 пайызға дайын. Тек техникалық сипаттағы бірқатар мәселелер бар. Армения Еуропалық одақпен ынтымақтастық туралы келісімге мүше ретінде қосылуды жоспарлаған еді. Сондықтан олардың заңнама және инфрақұрылым талаптары бойынша жасаған жұмысы еуропалық стандарттарға бейімделген. Осылайша, мемлекет барлық дайындық жұмыстарын тез аяқтады. Кейбір жағдайларды алдағы 2-3 аптада сарапшылар талқылап, келісімге келеді. Олар кейбір тауарлар бойынша өтпелі кезеңдерге қатысты», - деп түйіндеді сөзін А.Қожақов.

 Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

Ақпарат көзі: www.bnews.kz

Ұқсас жаңалықтар